
Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының хирургиялық блогының жетекшісі, ҚР бас штаттан тыс балалар хирургы Константин Хаиров Президенттің қолынан «Құрмет» орденін алды. Дәрігер марапаттан кейінгі эмоцияларымен бөлісіп, балалар хирургиясындағы 32 жылдық еңбек жолы туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
— Бұл шынымен де үлкен мәртебе. Мұндай наградаға әркім ие бола бермейді. Бүгін біз көп болдық, және бәріміз осы құрметке ие болдық. Эмоцияларды сөзбен жеткізу мүмкін емес, — деді Константин Хаиров.
Дәрігер балалар хирургиясына 32 жылын арнаған. Медицинамен өмірін байланыстыруды мектеп кезінде-ақ шешкен. Оның айтуынша, осы уақыт ішінде таңдаған жолына еш өкінбеген.
— Маған балалар хирургиясын неге таңдадың деген сұрақты жиі қояды. Әр жолы: әлі күнге дейін неге екенін білмеймін, деп жауап беремін. Бірақ мен балалар хирургиясына келдім, оған 32 жыл бердім және бір күн де өкінген жоқпын. Балаларға бақыт, олардың ата-аналарына қуаныш сыйлаған ұнайды, — деп атап өтті хирург.
Жылдар бойы балалар хирургы алты мыңнан астам операция жасаған. Ең кішкентай пациентіне небәрі үш сағаттық болған.
— Балада туа біткен даму ақауы болды. Әдетте мұндай балалар шала туылады, денесі кішкентай… Әрине, әрқашан уайымдайсың, бұл сөзсіз. Барлық дәрігерлер өз пациенттері үшін қашанда қам жеңіз, — деді Константин Хаиров.
Еске сала кетейік, бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар медицина қызметкерлеріне мемлекеттік наградаларды табыстады.
Дереккөз: Inform.kz