...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыдағы «Рахат» базарының орнында демалыс аймағы мен автотұрақ пайда болады

Алматыда бес базардың жер телімдері мемлекетке қайтарылатын болды, соның ішіндегі белгілі «Рахат» базары толығымен қайта жоспарлануда, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Жетісу ауданында бұрын заңсыз орналасқан «Рахат» базарының аумағын абаттандыру жұмыстары басталды. Қала әкімдігінің мәліметінше, іс-шаралар «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында жүргізілуде.

«Барахолка» деп аталатын ауданда орналасқан бұл жер телімінде «Рахат» базары 2018 жылдан бері жұмыс істеп келген. Аумақты «ТКМ» ЖШС қолданыстағы рұқсат құжаттарынсыз пайдаланған, бұл жер және кәсіпкерлік заңнамасының талаптарын бұзу болып саналады.

2026 жылдың 6 сәуірінен бастап Жетісу ауданы әкімі аппараты заңды күшіне енген сот шешімдерін орындау аясында аумақты босату бойынша кешенді жұмыс жүргізді. Нәтижесінде түсіндіру жұмыстарынан кейін 150-ден астам кәсіпкер базардан кетті. Кәсіпкерлік қызметтің үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін әкімдік көрші базарларда жеңілдікпен балама сауда орындарын ұсынды.

Жұмыс барысында кәсіпкерлер сауда контейнерлерін өздері шығарып, шатыр мен қоршау элементтерін бөлшектеді.

Қазіргі уақытта босатылған аумақта абаттандыру жобасы әзірленуде. Мұнда базарға келушілерге арналған көгалдандыру және абаттандыру элементтері бар жайлы демалыс аймағын құру жоспарланған. Сонымен қатар, аумақтың бір бөлігі «Алматы паркинг» ЖШС-не автокөлік тұрағын ұйымдастыру үшін беріледі, бұл көлік қолжетімділігін жақсартып, аудандағы тұрақ кеңістігін реттеуге мүмкіндік береді.

Бұған дейін Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мегаполисте заңдылық пен тәртіпті сақтау қажеттігін атап өткен еді. Қазіргі уақытта қаланың барлық аудандарында заңсыз сауда объектілерін анықтау және жою бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда, бес базардың жер телімдері мемлекетке қайтарылатыны белгілі болды.

Дереккөз: Inform.kz