
Алматыдағы ауа ластануының құрылымында автокөлік үлесі 60% құрайды, бұл жылына шамамен 113 мың тонна шығарынды. Бұл туралы қалалық Экология және қоршаған орта басқармасының басшысы Серік Әділбаев Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Агломерациядағы жалпы шығарынды көлемі 225 мың тоннаға бағаланады, оның 189 мың тоннасы тікелей қала аумағына тиесілі.
Ластанудың екінші маңызды көзі — энергетика (шамамен 24%), одан кейін бизнес нысандары мен жеке сектор (шамамен 16%).
Шығарындыны азайтудың негізгі шараларының бірі — газдандыру. Жеке секторды газдандыру деңгейі 99,6% жетті. Сонымен қатар, ТЭЦ-2 және ТЭЦ-3-ті табиғи газға көшіру жобалары жүзеге асырылуда, бұл 2027 жылға қарай шығарындыны 92% — 50 мың тоннадан жылына шамамен 4 мың тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері профильді қызметтермен бірлесіп автокөлік пен автобус парктеріне тексерулер жүргізіліп, коммуналдық техниканың экологиялық талаптарды сақтауы бақылануда.
Шағын және орта бизнес нысандарына ерекше назар аударылады. Қалада қатты отын қолданатын 760 нысан бар. 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша оның 110-ы экологиялық отын түрлеріне көшті немесе тазарту жүйелерін орнатты.
Қабылданған шаралар ластану деңгейін төмендетуге бағытталған, ал ауа сапасын тұрақты жақсарту үшін бақылауды күшейту және Алматы қаласының атмосфералық ауасын қорғау қағидаларын кезең-кезеңмен іске асыру көзделген.
Дереккөз: Almaty.tv