
Алматыда 28 сәуірден бастап төмен шығарындылар аймағының (LEZ) техникалық пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл туралы Қалалық экология және қоршаған орта басқармасы хабарлады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Пилоттық жоба Бөгенбай батыр көшесінің оңтүстігі, Абай даңғылының солтүстігі, Желтоқсан көшесінің шығысы және Достық даңғылының батысы аралығындағы шаршы аумақта жүзеге асырылады. Жоба операторы — «Алматы Паркинг» МКК.
Қазіргі кезде жүйе тестілік режимде жұмыс істейді. Жүргізушілер үшін қозғалысқа шектеу, айыппұл немесе кіру ақысы қарастырылмаған.
Негізгі мақсат — цифрлық инфрақұрылымды сынау және көлік ағындары мен олардың ауа сапасына әсері туралы деректер жинау.
Пилот аясында мыналар жоспарланған:
- ақылды камералардың, радарлық сенсорлардың және көлікті автоматты тану жүйелерінің нақты ауа райы мен көлік жағдайында дұрыс жұмыс істеуін тексеру (жүргізушілерге әсер етпестен);
- ауа сапасы датчиктерінің деректерін көлік ағынымен синхрондау арқылы трафиктің экологияға әсерінің объективті көрінісін құру;
- қорғалған деректерді беру арналарын конфигурациялау және АТ-қызметтер, экологтар мен трафикті басқару мамандары арасындағы өзара іс-қимыл процестерін пысықтау. Бұл болашақта кез келген реттеуші шешімдер қабылданғанға дейін бірыңғай сенімді цифрлық платформа құруға мүмкіндік береді;
- қалалық мобильділікті терең талдау және ақылды қаланы дамытудың одан әрі стратегиясын дайындау үшін деректер массивін қалыптастыру.
Пилоттық кезеңде шектеу шараларын енгізбестен технологияларды пысықтауға баса назар аударылған.
«Яғни, біз автокөлік иелерін шектеу туралы айтып отырған жоқпыз, біз технологияның өзін сынағымыз келеді: датчиктердің ақпаратты қаншалықты дұрыс жинайтынын, жүйелердің деректермен қаншалықты жылдам алмасатынын және инфрақұрылымның қаншалықты дайын екенін тексергіміз келеді. Біз сенімді цифрлық іргетас құрып жатырмыз, ол болашақта дәл деректерге сүйене отырып, қаламыздағы ауаны тазартуға көмектеседі», — деп түсіндірді басқармада.
Тестілік кезең 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін созылады. Аталған учаскелерде қозғалыс әдеттегі режимде жүзеге асырылады.
Дереккөз: Almaty.tv