Жаңартылған қоғамдық кеңістік серуен аймақтарын, балалар алаңдарын және заманауи абаттандыру элементтерін біріктірді. Жаңа балалар алаңдары, заманауи субұрқақтар, амфитеатрлар және жүздеген абаттандыру элементтері – Республика алаңы кең ауқымды жаңартудан кейін дәл осылай көрінеді. Осы өзгерістерден кейін ол алматылықтардың ең танымал демалыс орындарының біріне айналды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Мұнда жабынды, инженерлік желілер, сыртқы жарықтандыру және автоматты суару жүйесі толығымен жаңартылды. Көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінді. Алаңға 230-дан астам ағаш, 63 мыңнан астам бұта және 18 мыңға жуық көпжылдық өсімдіктер отырғызылды. Ал қала тұрғындарының жайлы демалысы үшін жаңа серуен маршруттары, екі балалар ойын алаңы, екі амфитеатр, веложолдар, сәндік су айдындары және заманауи субұрқақтар жабдықталды. Абаттандырылған аумақтың ауданы 4,5 гектарды құрады.
«Қала әкімінің тапсырмасы бойынша біз бұл аумаққа кіріп, Алматы қаласының тұрғындары үшін жайлы және ыңғайлы кеңістік жасадық. Сәтбаев көшесін жыл соңына дейін толығымен аяқтаймыз. Кешенді абаттандырудың негізгі мақсаты – жаяу жүргіншілер үшін қолайлы жағдай жасау», — деді Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының басшысы Батырхан Сүлейменов.
Барлығы аумақта 500-ден астам абаттандыру элементтері орнатылды. Тұрғындардың айтуынша, алаң әлдеқайда жайлы болды. Ал серуеннен кейін енді ең жақын аялдамаға барудың қажеті жоқ. Өйткені ол алаңның дәл жанында орналасқан және күту орындары мен ақпараттық табломен жабдықталған.
«Мен осы ауданда тұрамын. Алаң өте әдемі абаттандырылды. Әсіресе жаңа автобус аялдамасының пайда болғаны қуантады. Енді балалармен серуендеуге келу ыңғайлы, ал демалған соң бірден автобусқа отырып кетуге болады. Бұрын аялдамаға дейін әлдеқайда ұзақ жүруге тура келетін», — деді алматылық Бекзат Абуов.
«Бұрын алаң мүлде басқаша көрінетін. Қазір мұнда балалар алаңы ашылды, көптеген жаңа нәрселер пайда болды. Кешкі уақытта балалармен серуендеп, олардың ойындарын тыныш бақылай аламыз», — деді қала тұрғыны Аппақ Әубәкір.
«Мұнда аялдаманың пайда болғаны өте жақсы. Мен жақын жерде жұмыс істеймін, сондықтан қазір жету әлдеқайда ыңғайлы болды. Сондай-ақ жаңа субұрқақтар ұнады. Ыстықта салқындау бір ғанибет болады», — деді мегаполис тұрғыны Атабек Қабылов.
Республика алаңы әсіресе кешке әсерлі көрінеді. Қоғамдық кеңістікте 130-ға жуық заманауи шамдар орнатылды. Жаңа сәулеттік жарықтандырудың арқасында аумақ өзгеріп, қараңғы уақытта серуендеу жайлы әрі қауіпсіз болды.
Дереккөз: Almaty.tv