Алматыда Талғар тас жолы мен Рысқұлов даңғылын жалғайтын жаңа жолда апат болды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Минивэн солтүстік бағытта келе жатқан. Тік бұрылыста жүргізуші белгісіз себептермен күрт тежеген, соңынан көлік қарсы жолаққа шығып кеткен.
Абырой болғанда, сол сәтте қарсы бағытта келе жатқан көлік болмаған.
Алайда қауіпті маневр мұнымен бітпеген. Mazda жолды кесіп өтіп, бордюрден ұшып, ауыр бетон қабырғаға соғылған. Соққыдан кейін көлік бірнеше метр бойы қабырға жағалай сырғанаған.
Бордюр мен қабырғаның арасында ені кей жерде шамамен 40 см болатын тар тротуар бар. Апат кезінде онымен жаяу жүргінші келе жатқан. Минивэн ер адамды қағып кеткен, содан кейін арыққа құлап, қабырғаға тіреліп тоқтаған.
Жүргізуші болған жағдайды түсіндіре алмаған. Зардап шеккен жаяу жүргінші орташа ауырлықтағы жарақаттармен ауруханаға жеткізілген. Жүргізушіге де медициналық көмек қажет болған.
Апаттың себептері мен мән-жайын жол полициясы анықтайды.
Бұған дейін автoсервис қызметкері мас күйінде клиенттің Audi көлігін ұрлап, самокатшыны қағып өлтіргені хабарланған.
