Алматыда тауда жоғалған жасөспірім Сатпаев шыңының солтүстік беткейінен шамамен 3800 метр биіктіктен табылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Ата-анасының айтуынша, ол 30 қазанда тауға шыққан, ал келесі күні шыңнан бейнебайланысқа шыққан. Одан кейін онымен байланысу мүмкін болмаған. Іздеу жұмыстары геолокацияның болмауына байланысты қиындаған.
Операцияны үйлестіру үшін жедел штаб құрылды. Іздеуге құтқарушылардан бөлек, бейінді қызметтердің қызметкерлері, еріктілер және кинологтар қатысты. Сондай-ақ дрондар мен Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазавиаспас» тікұшағы пайдаланылды.
Жасөспірім табылғаннан кейін оны тексеріп, эвакуациялауға кірісті. Оған медициналық көмек қажет болмады.
Іздеу операциясы барысында құтқарушылар тағы бір адамды тапты. Шамамен 3800 метр биіктікте, «Лунная поляна» үйшігінде жеңіл дәрежедегі жалпы үсік белгілері бар 18 жастағы турист анықталды.
Апат медицинасы орталығының дәрігерлері жас жігітке алғашқы көмек көрсетті. Содан кейін оны тікұшақпен «Аюсай» алаңына жеткізіп, жедел жәрдем бригадасына тапсырды.
Бұған дейін Жезқазғандағы өрт кезінде арнайы қалпақтардың көмегімен төрт адамды құтқарғаны хабарланған болатын.
