Алматыда мефедрон өндіретін қылмыстық топ құрып, оған басшылық еткен күдікті Ресейден Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бас прокуратураның мәліметінше, тергеу нұсқасы бойынша күдікті Алматы мен Қазақстанның басқа өңірлерінде мефедрон өндіріп, сатумен айналысқан қылмыстық ұйым құрып, оны басқарған.
Сонымен қатар, 2024 жылы ұйымдастырушының нұсқауымен Алматыда бірнеше нарколаборатория жабдықталған. Солардың бірінде психотроптық заттар дайындау барысында екі қатысушы ауыр химиялық улану алып, көз жұмған.
Осыған қарамастан, қылмыстық әрекет жаңа орындаушыларды тарту арқылы жалғасқан.
Айыпталған қылмыстар үшін мүлікті тәркілеумен қоса 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бұған дейін Біріккен Араб Әмірліктерінен жер алаяқтығы, қарақшылық шабуыл және шетелдік әйелден ұрлық жасағаны үшін іздеуде жүрген үш қазақстандық экстрадицияланған болатын.
