
Алматыда Жұмабаев көшесінде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Жетісу ауданында кәріз желілерін қайта жаңарту жұмыстарына байланысты автокөлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. Жол жабылатын кезең: 2026 жылғы 16 маусымнан 20 шілдеге дейін. Учаске: Жұмабаев көшесінің Сельская көшесінен Жансүгіров көшесіне дейінгі бөлігі. Айналу жолы: Омаров және Палладин көшелерімен қамтамасыз етіледі.
Қала инфрақұрылымын жаңғырту және тозған желілерді ауыстыру аясында Жетісу ауданында 1967 жылы пайдалануға берілген және нормативтік ресурсын тауысқан ұзындығы 716 метр кәріз құбыры жаңартылады. Қозғалысты шектеу — мәжбүрлі шара, себебі қайта жаңартылатын желі учаскесі тікелей жолдың астынан өтеді. Құрылыс-монтаж жұмыстары кезеңінде барлық тұтынушыларға суық сумен жабдықтау және су бұру қызметтері толық көлемде сақталады.
Жұмыс жүргізілетін жерде ескерту жол белгілері мен айналу схемалары орнатылған. Автокөлік иелеріне өз бағдарын алдын ала жоспарлау ұсынылады. Қала тұрғындары мен қонақтарын уақытша қолайсыздықтарды түсіністікпен қабылдауға шақырамыз.
Дереккөз: Almaty.tv