
Жыл басынан бері Алматыда 17 498 сәбидің туылуы тіркелді, оның 9 116-сы ұл, 8 382-сі қыз, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қалалық филиалының мәліметінше, биыл ұл балаларға ең танымал есімдер — Алан, Әлихан және Мұхаммед. Қыз балалар арасында — Айлин, Асылым және Томирис.
Қазір баланың тууын тіркеуді бірнеше жолмен рәсімдеуге болады. Нәресте дүниеге келгеннен кейін бір тәулік ішінде ананың телефон нөміріне 1414 нөмірінен құттықтау SMS-хабарламасы келіп, қызметті проактивті форматта алу үшін қажетті деректер сұралады. Сонымен қатар, тууды екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары, электронды үкімет порталы және халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы да тіркеуге болады.
Мемлекет бала туған кезде біржолғы төлемді қарастырған. Бірінші, екінші және үшінші балаға 38 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде жәрдемақы төленеді, төртінші және одан кейінгі балаларға — 63 АЕК. Егіз, үшем немесе төрт бала туған жағдайда жәрдемақы әр балаға жеке тағайындалады.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2026 жылдың басында Қазақстанда 18 жасқа дейінгі 6,9 млн бала тұрған, бұл елдің жалпы халық санының 33,6%-ын құрайды.
Дереккөз: Inform.kz