...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Алматыда жаңа оқу жылында 11 мың орынға арналған 8 жаңа мектеп ашылды

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Білім күнінде Алатау ауданындағы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған 2 мың орынға арналған №230 мектептің салтанатты ашылуына қатысты. Қала әкімі педагогтерді, оқушылар мен ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады, деп хабарлайды Kazinform, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Өз сөзінде әкім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Токаевтың жақында өткен тамыз конференциясында педагогтерге Әділетті, Күшті, Қауіпсіз және Таза Қазақстанның тірегі болатын адал әрі жауапты азаматтарды тәрбиелеудегі ортақ жауапкершілікті атап өткенін айтты.

— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бүкіл ел бойынша 460 мың оқушы орнына арналған 217 заманауи мектеп салынды. Алматы осы ауқымды жобаны іске асыруда озық позицияларды иеленіп отыр, — деп атап өтті Дархан Сатыбалды.

Бұған дейін Алматыда «Келешек мектептері» жобасының жалпы сыйымдылығы 24 300 орынды құрайтын 14 мектебі пайдалануға берілген болатын. Бүгін тағы 10 500 оқушы орнына арналған 7 жаңа мектеп және «Зерделі» шағын ауданында 550 орындық жалпы білім беретін мектеп өз есігін ашты.

Сонымен қатар, қайта жаңғыртудан кейін №160 мектеп қайта ашылды, бұрынғы ғимараттың орнына 340 орынға арналған №15 жаңа мектеп-интернатының құрылысы аяқталды, сондай-ақ №112 және №174 мектептердің қосымша корпустары пайдалануға берілді. Осы жобалардың арқасында қалада тағы 1 015 оқушы орны құрылды. Осылайша, жаңа оқу жылының басынан бастап Алматының білім беру инфрақұрылымы жалпы алғанда 12 065 жаңа орынмен толықты.

Алатау ауданында бүгін үш жаңа білім нысаны ашылды. Оның бірі — «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған 2 мың оқушыға арналған №230 мектеп.

Жаңа оқу жылында 11 496 бала мектеп автобустарымен қамтамасыз етіледі. Бүгін мегаполистің білім беру жүйесінде 42 мыңнан астам педагог жұмыс істейді, ал 32 мыңнан астам бірінші сынып оқушысы мектеп табалдырығын алғаш рет аттады.

Дархан Сатыбалды жас ұрпақты тәрбиелеудегі педагогтердің ерекше рөлін атап өтіп, мұғалімдерге кәсіби адалдықтары мен күнделікті еңбектері үшін алғыс білдірді. Оқушыларға білімге ұмтылуды, үнемі дамуды және жаңа идеяларды батыл жүзеге асыруды тіледі. Қала басшысы бала тәрбиесінде мектеп пен отбасы арасындағы өзара сенім мен бірліктің маңыздылығын ерекше атап өтті.