
81 жастағы жалғызбасты алматылық зейнеткердің үйінен айырылу қаупінің алдын алды. Полиция қызметкерлері ауыр қылмыстың жолын кесті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Түрксіб ауданындағы полиция қызметкерлері адамды заңсыз бас бостандығынан айыру және алаяқтық жасау әрекетіне байланысты ауыр қылмыстың жолын кесті. Зейнеткердің танысы оның жоғалғаны туралы хабарлаған. Жедел-іздестіру шаралары барысында 81 жастағы ер адам қала маңындағы елді мекендердің бірінде жергілікті тұрғындардың үйінен табылды. Күдікті ретінде үш адам ұсталды.
Тергеу барысында анықталғандай, күдіктілер зейнеткердің сеніміне кіріп, оның осал жағдайын пайдаланып, бас бостандығын шектеп, жылжымайтын мүлікті қайта рәсімдеуге көндірмек болған. Адам ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер — екі ер адам және бір әйел — уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Азаматтардың уақтылы хабарлауы және полиция қызметкерлерінің үйлесімді әрекеттерінің арқасында ауыр зардаптардың алдын алып, зейнеткердің құқықтарын қорғау мүмкін болды», — деді Түрксіб ауданы полиция басқармасының бастығы Думан Әухадиев.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын және әрбір фигуранттың рөлін жан-жақты анықтауға бағытталған тергеу шаралары жүргізілуде.
Дереккөз: Almaty.tv