...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда түлектердің автокеруенін полиция тоқтатты: 21 ата-ана жауапқа тартылды

Алматыда соңғы қоңырау қарсаңында полиция қалалық мектептердің бірінің түлектері ұйымдастырған автокеруенді тоқтатты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Полиция керуендерге тыйым салу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізгеніне қарамастан, бір топ түлек көліктерімен қала көшелерімен шеру өткізіп, жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын өрескел бұзған.

Қабылданған шаралар нәтижесінде 21 кәмелетке толмаған қатысушының ата-анасы бала тәрбиесі бойынша міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзудың бес фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Көліктер айыппұл тұрағына қойылды.

— Полиция алдын ала автокеруендерге, әсіресе кәмелетке толмағандардың қатысуымен өткізуге жол берілмейтінін ескерткен болатын. Дегенмен, кейбір азаматтар заң талаптарын елемеді. Атап өткім келеді, әрбір осындай факті бойынша полиция қатаң шаралар қолданады. Мерекелік көңіл-күй құқық бұзушылықтарға және айналадағылардың қауіпсіздігіне қатер төндіруге себеп болмауы керек, — деді Алматы қалалық Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінур Тасыбаев.

Полиция соңғы қоңырау күні және келесі күндері қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылауды күшейтетінін ескертеді. Ерекше назар түлектердің қатысуымен болатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға аударылады. Полиция ата-аналар мен түлектерді мерекені жауапкершілікпен қабылдауға, заң талаптарын сақтауға және өздері мен айналасындағыларды қауіп-қатерге ұшыратпауға шақырады.

Дереккөз: Inform.kz