...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Алматыда тіркелу талаптары күшейтілді: адам басына 15 шаршы метр лимит енгізілді

Алматыда тұрғындарды тіркеу кезінде адам басына 15 шаршы метр нормативі қолданылатын болды. Бұл шешімді 2026 жылғы 18 қыркүйекте қалалық мәслихат сессиясында Алматы әкімдігінің Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов ұсынды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Депутаттар жобаны қолдады. Алайда 15 шаршы метр нормативі әр адамға сондай аумақтағы жеке тұрғын үй берілуі керек дегенді білдірмейді. Бұл — тек тіркеу кезінде қолданылатын есептік көрсеткіш.

Шектеу тұрғын үй иесінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарына қолданылмайды. Белгіленген нормативтен тыс жұбайы, балалары және олардың отбасы мүшелері, жақын туыстары, сондай-ақ асырауындағы, қамқорлығындағы немесе патронаттық тәрбиесіндегі адамдар тіркеле алады.

Мұндай нормативті белгілеу құқығын Алматы мәслихаты «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңға 2026 жылғы 14 қыркүйекте күшіне енген өзгерістерден кейін алды.

Жаңа тәртіп жалған тіркеу жағдайларын азайтып, қала халқының саны туралы деректердің дәлдігін арттыруға тиіс. Бұл бастама туралы 2026 жылдың тамызында белгілі болған еді. Онда ол «резеңке пәтерлер» деп аталатындардың санын азайтуға көмектесетіні айтылған.

Сонымен қатар Алматы мәслихатының депутаттары «Медеу» табиғи паркі мен «Шымбұлақ» шатқалының ерекше қорғалатын табиғи аумақтарына көлік кіруін шектеу туралы жобаны да қолдады. Электромобильдер үшін жұмыс күндері кіруге рұқсат беріледі, ал демалыс және мереке күндері шектеу барлық көлік құралдарына қолданылады.