...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Алматыда айыппұл тұрағы реформаланады: эвакуация қанша тұрады

Алматыда жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Диханбаевтың айтуынша, өзгерістер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте көзделген жағдайларда ұсталған және эвакуацияланған көліктерге қатысты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Жоба бойынша эвакуацияның бірыңғай құнын белгілеу ұсынылып отыр – көлік санатына қарамастан 3 АЕК (2026 жылы бір АЕК 4 325 теңге).

Сонымен қатар автокөлік иесі эвакуацияланған күні сағат 18:00-ге дейін арнайы тұрақтан көлігін алып кетсе, сақтау ақысын төлеуден құтыла алады. Бұл жағдайда тек эвакуация үшін төленеді.

Ұсынылып отырған тарифтер эвакуаторларды пайдалану және арнайы тұрақтарды ұстау шығындарын, оның ішінде тәулік бойы күзету, коммуналдық қызметтер мен қажетті инфрақұрылымды ескереді.

Басқарма жобаның әзірленуі заңнамадағы өзгерістерге байланысты екенін атап өтті.

2025 жылы Астана мен Алматы мәслихаттарына коммуналдық арнайы алаңдар мен тұрақтарда ұсталған көліктерді жеткізу және уақытша сақтау үшін төлем мөлшерін белгілеу өкілеттігі берілді.

Бұған дейін Алматы мәслихатының депутаттары «Медеу» өңірлік табиғи паркі мен «Шымбұлақ» шатқалының ерекше қорғалатын табиғи аумақтарына көлік кіруін шектеу туралы шешім жобасын қолдаған болатын. Сонымен қатар қалада тіркелу талаптары қатаңдатылды.