Алматы маңындағы тауда адасып кеткен екі жасөспірімді ТЖМ құтқарушылары тауып алды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жасөспірімдер өз бетінше тауға шығып, белгіленген уақытта қайтып оралмаған соң, олардың жоғалғаны туралы хабарлама түскен.
Сигналды алған соң Алматы қаласы ТЖД Құтқару қызметінің қызметкерлері дереу іздестіру-құтқару жұмыстарын бастады. Олар таулы жердің ерекшеліктерін ескере отырып, жасөспірімдердің жүруі мүмкін бағыттарды тексерді.
Іздеу нәтижесінде жасөспірімдер Қарасай ауданындағы Турист шыңы маңынан табылды. ТЖМ мәліметінше, олардың жағдайы қанағаттанарлық, медициналық көмек қажет болмады.
Құтқарушылар тұрғындарды тауға саяхаттау кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды. Шығар алдында маршрутты алдын ала жоспарлап, жақындарына баратын жері мен қайту уақыты туралы хабарлап, телефонын толық зарядтап, ауа райы болжамын ескеру ұсынылады.
Бұған дейін Қарағандыдағы пәтер өртінен полицей мен Ұлттық ұлан әскери қызметкері бес баланы аман алып қалғаны хабарланған.
Дереккөз: Inform.kz
