
Алматыда Almaty Water Garden атты ірі жоба іске асырылмақ. Бұл су арнасы, океанариум, амфитеатр және қоғамдық кеңістіктері бар көпфункционалды кешен, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қала әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасы бойынша Алатау ауданында, Бауыржан Момышұлы мен Саин көшелерінің аралығындағы 27 гектардан астам аумақта 2026–2027 жылдары салынады.
Кешеннің басты элементі — серуендеуге арналған жағалаулары мен демалыс аймақтары бар су арнасы. Оның айналасында заманауи саябақ алаңы қалыптасып, тұрғындар мен қонақтар үшін жаңа тартымды орынға айналады.
Жобада сегіз түрлі коммерциялық секция қарастырылған: сауда, қызмет көрсету, тамақтану және отбасылық демалыс бағыттары үшін. Гастрономиялық аймақта әртүрлі елдердің асханалары бар заманауи фудкорт, сондай-ақ ашық амфитеатр — концерттер, фестивальдер, кино көрсетілімдер және басқа да іс-шаралар өткізуге арналған.
Отбасылық демалыс үшін балалар орталығы, океанариум және көбелектер мұражайы ашылады. Сәулеттік басымдық — қалаға панорамалық көрініс ашылатын бақылау алаңы бар мұнара.
Дереккөз: Inalmaty.kz