Алматының Алатау ауданында түнде жол-көлік оқиғасы болып, бір адам зардап шекті, ал соқтығысу салдарынан көліктердің бірі аударылып қалды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі мәлімдегендей, оқиға түнде Алматы қаласының Алатау ауданында тіркелді.
Алдын ала деректер бойынша, Мәмбетов көшесімен солтүстік бағытта келе жатқан Mercedes көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы жолаққа шығып кетіп, қарсы бағытта келе жатқан Toyota Carina көлігімен соқтығысқан.
Соққы салдарынан Mercedes сол жақ бүйірімен аударылып қалған.
Апаттан кейін 21 жастағы Mercedes жүргізушісі медициналық көмек көрсету үшін қалалық ауруханалардың біріне жеткізілді.
«Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Алатау ауданы полиция басқармасының қызметкерлері болған жайдың барлық мән-жайын анықтап жатыр», — деді ведомствода.
