Алматының Түрксіб ауданында көшелерді қайта жаңарту және БАҚА-ға дейін жол салу үшін 23 жер телімі мемлекет мұқтажы үшін алынады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бұл туралы қала әкімі Дархан Сатыбалдының 2026 жылғы 23 қарашадағы қаулысында көрсетілген. Құжатта нақты учаскелердің мекенжайлары көрсетілмеген. Мәжбүрлеп иеліктен шығару мерзімі 2028 жылдың 31 желтоқсанына дейін белгіленген.
«Алматы қаласының Түрксіб ауданында Ахметов көшесін, Закарпатская көшесін қайта жаңарту және Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін жол салу үшін мемлекеттік мұқтаждарға арналған жер телімдерін алуға байланысты 23 жер телімін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруды бастау», — делінген құжатта.
Қаулы бойынша «Қала жер орталығы» мемлекеттік кәсіпорны меншік иелерін заңнамада белгіленген тәртіппен хабардар етуі тиіс. Алматы әкімі Жер қатынастары басқармасына жер телімдерінің иелеріне өтемақы төлеуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Түсініктеме алу үшін меншік иелері Алмалы ауданы, Төле би көшесі, 155 үй, 6-қабат, 603-кабинет мекенжайына жүгіне алады.
