
Алматы қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігі мемлекеттік сатып алу саласындағы алаяқтық фактісі бойынша тергеуді аяқтап, істі сотқа жолдады. Күдіктілер қатарында 11 адам бар, келтірілген залал 500 млн теңгеден асты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Тергеу мәліметінше, «КазСтройОпыт LTD» ЖШС басшысы консалтингтік қызмет көрсету деген желеумен құрылыс тәжірибесін жасанды түрде қалыптастыру бойынша қылмыстық схема ұйымдастырған. Ол «Электрондық депозитарий» жүйесіне орындалған жұмыстар мен нысандарды пайдалануға беру туралы жалған актілерді енгізіп, клиенттік компанияларға мемлекеттік сатып алуға қатысуда негізсіз артықшылықтар берген.
Схема әлеуметтік желілер мен интернет-платформаларда белсенді жарнамаланған. Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, топ құрамына 11 адам кірген.
«Сондай-ақ делдалдар анықталды, олар арқылы Шымкент қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының лауазымды тұлғаларына жалған жұмыс тәжірибесін растағаны үшін заңсыз сыйақы берілген. Қылмыстық кірістерді заңдастыру үшін бақылаудағы заңды тұлғалар пайдаланылып, олар арқылы ақша жинақталып, қолма-қол ақшаға айналдырылған», — делінген хабарламада.
Қылмыстық кіріс сомасы 490 млн теңгеден асқан. Агенттік тергеу барысында жалған тәжірибе растамасын алып, мемлекеттік сатып алуға қатысқан 56 компанияны анықтаған. Материалдар уәкілетті органдарға тексеру жүргізу үшін жіберілген.
Қазіргі уақытта үш күдікті қамауда, сегізіне қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қолхат алынып, тиісті тәртіп таңдалған. Қылмыстық іс сотқа жолданды. Қалған ақпарат ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес жария етілмейді.
Дереккөз: Nur.kz