
Алматыда LRT жобасын іске асырудың дайындық кезеңі басталды — Төле би көшесінде ескі трамвай рельстері толығымен демонтаждалды. Қалалық жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, барлығы 16 552 метр рельс алынып тасталды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Демонтаж жұмыстары Төле би көшесінің Момышұлы мен Әуезов көшелері аралығында жүргізілді. Қазіргі уақытта бұл учаскеде болашақ LRT жобасының визуализациясы мен ақпараттық материалдар орналастырылған. Алайда жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірге әзірлену үстінде.
Техникалық-экономикалық негіздеме мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Сараптаманың аяқталу мерзімі — 2026 жылғы шілде. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынғаннан кейін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін жобалық ұйым анықталып, тиісті шарт жасалады, — делінген басқарма жауабында.
Ақпан айында дайындалған техникалық-экономикалық негіздеме бойынша, LRT жедел желісі қаланың бірнеше негізгі көшелері арқылы өтеді. Депоны Фариза Оңғарсынова, Мөңке би және Бауыржан Момышұлы көшелерінің ауданында орналастыру жоспарланған. Желі Момышұлы көшесімен оңтүстікке қарай Төле биге дейін, содан кейін Төле бимен шығысқа қарай Абылай хан даңғылына дейін барады. Әрі қарай бағыт солтүстікке бұрылып, Абылай хан даңғылымен Алматы-2 теміржол вокзалына дейін жалғасады. Соңғы станция «Райымбек батыр» көлік торабы ауданында қарастырылған.
Алдын ала жоспар бойынша, LRT құрылысы 2027 жылдың екінші тоқсанында басталып, 2029 жылдың екінші тоқсанында аяқталуы мүмкін. Бұған дейін Алматы қалалық жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасы алматылық жобаның астанадағы ұқсас жүйеден бірқатар техникалық шешімдері мен маршрутты ұйымдастыру тәсілдері бойынша ерекшеленетінін атап өткен болатын.
Қазіргі уақытта қалада LRT жобасын іске асыру үшін Жетісу, Алмалы, Әуезов және Алатау аудандарында 270 жер учаскесін алу жұмыстары жалғасуда.
Дереккөз: Inform.kz