Алматының Түрксіб ауданындағы тұрғын үйлердің біріне тапсырыс жеткізген курьер полиция назарына ілікті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы қаласы полиция департаменті Instagram парақшасында хабарлағандай, патрульдік қызметкерлер курьердің әрекетінен күдіктеніп, оның соңынан еріп, жеткізу мән-жайын тексерген.
Тексеру барысында тәртіп сақшылары тұрғын үйге кіріп, онда тапсырысты жеке тұтыну үшін күтіп отырған ер адамды тапқан. Қарау кезінде есірткіге ұқсас зат анықталды.
«Әрі қарайғы тексеру полицейлерді тұрғын үйге алып келді. Мұнда алдын ала анықталғандай, келген тапсырысты жеке тұтыну үшін күтіп отырған ер адам болды», — деді полицияда.
Курьер қораптың ішіндегісі туралы бейхабар екенін айтқан. Үйде болған ер адам тапсырыс өзіне арналғанын мойындады. Екеуін де аудандық полиция басқармасына жеткізді.
Қазір осы дерек бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр. Заттың шығу тегі, оны сатып алу мән-жайы және әрбір қатысушының рөлі анықталуда. Барлық қатысы бар адамдардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.
Полиция курьерлерге ескерту жасайды: күмәнді тапсырыстарға келіспеңіздер және ішіндегісі белгісіз сәлемдемелерді тасымаңыздар. Мұндай жеткізу ауыр құқықтық салдарға әкелуі мүмкін.
