...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Алматыда бизнес нысандарын қосу кезіндегі бұзушылықтар үшін 4,7 млн теңге айыппұл салынды

Алматы прокуратурасы бизнес пен инвесторлардың нысандарын инженерлік желілерге қосу кезіндегі бұзушылықтарды анықтады, қадағалау қорытындысы бойынша кінәлілер жауапкершілікке тартылып, 4,7 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Ведомствоның мәліметінше, табиғи монополия субъектілері кәсіпкерлік субъектілері мен инвесторларға реттелетін қызметтер көрсету барысында заңдылық жай-күйіне талдау жүргізілген. Жекелеген табиғи монополия субъектілері «Мемлекеттік қала құрылысы кадастры» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде мәліметтерді тиісінше орналастыруды және уақтылы өзектілендіруді қамтамасыз етпегені белгілі болды.

Салдарынан бизнес субъектілері мен инвесторлар бос қуаттардың бар-жоғы және нысандарды инженерлік инфрақұрылымға қосу мүмкіндігі туралы шынайы ақпаратты уақтылы алу мүмкіндігінен іс жүзінде айырылды.

Прокуратурада атап өткендей, мұндай тәжірибе заңнама талаптарына сай келмейді және реттелетін қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігі қағидаттарын бұзады, сондай-ақ тұтынушылардың қажетті ақпаратқа қол жеткізуін шектейді.

Қадағалау қорытындысы бойынша кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 164-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 4,7 млн теңгені құрады. Инженерлік қуаттардың бар-жоғы мен қолжетімділігі туралы тиісті мәліметтер ақпараттық жүйеге енгізілді, — делінген прокуратура хабарламасында.

Алматы прокуратурасы реттелетін қызметтер көрсету саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету және кәсіпкерлік субъектілері мен инвесторлардың құқықтарын қорғау жұмысын жалғастыруда.

Бұған дейін Алматы прокуратурасы инвесторға 32,5 млрд теңгеге жоба үшін жер телімін алуға көмектескен болатын.