...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда қоқыс шығарудың бірыңғай мониторинг жүйесі енгізілуде

Алматыда қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру және экологиялық бақылауды күшейту жұмыстары жалғасуда. Eco Almaty мәліметінше, 100 мыңнан астам қоқыс шығару ұйымдары толыққанды цифрлық бақылаусыз жұмыс істейді, ал тарифте көзделген сұрыптау қаражаты әрдайым қайта өңдеу жүйесіне жетпейді. Қосымша мәселе ретінде рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері мен арнайы техниканың тозуы қалып отыр, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Тәртіп орнату үшін «Бір учаске – бір қоқыс шығару ұйымы» қағидатын бекітіп, талаптарды тұрғындарға, тұрғын үй кешендеріне, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге тарату ұсынылуда. Сонымен қатар, қалада қалдықтарды тасымалдаудың бірыңғай мониторинг жүйесі енгізілуде. Ресми қоқыс шығару ұйымдарының 94% арнайы техникасы GPS платформасына қосылған, ал 20 маусымға дейін жүйе толық көлемде іске қосылуы тиіс.

Бұл онлайн режимде техника қозғалысын бақылауға, қоқыс шығаруды қадағалауға және экологиялық нормалардың бұзылуын анықтауға мүмкіндік береді.

Полигондардың ашық жұмысына ерекше назар аударылуда. Қалада қалдықтарды тоннаж бойынша есепке алуға толық көшу, полигондарды бірыңғай мониторинг платформасына қосу және толыққанды сұрыптау желілерін құру жоспарланған. Сонымен қатар, өткен жылы көлемі 500 мың тоннадан асқан құрылыс қалдықтарын реттеу жұмыстары жалғасуда. Мердігер және құрылыс ұйымдарының арнайы техникасына міндетті GPS трекерлерін енгізу және құрылыс қалдықтарын орналастыру мен қайта өңдеуге арналған мамандандырылған полигон құру ұсынылуда.

Жыл соңына дейін Алматыда Абаттандыру ережелері мен Қалдықтарды басқару ережелерін жаңарту, сондай-ақ қалалық қалдықтарды басқарудың бірыңғай диспетчерлік орталығын құру жоспарланған.

Дереккөз: Almaty.tv