
Алматының Алатау ауданында, ТЭЦ-2 маңында Қазақстандағы алғашқы крематорийдің ресми ашылуы өтті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Кремация залына Чехиядан әкелінген екі пеш орнатылған. Олар 800-1000 градус температурада жұмыс істейді. Мәйітті жағу үшін пешті 35 сағат бұрын қосып, ішін қыздырады. Кремациядан кейін күл арнайы контейнерге салынады. Қызмет тек өмірінде кремацияға келісім берген азаматтарға ғана қолжетімді.
— Әр адаммен жеке келісім жасалады. Кремациядан кейін туыстары күлді алып, жерлеуіне немесе бізде уақытша сақтауына болады. Заң бойынша күлді далаға шашуға тыйым салынған. Тек сақтау немесе жерлеуге рұқсат етілген. Кремацияның жалпы құны 240 мың теңге, — деді қалалық патологоанатомиялық бюроның директоры Ардақ Әлішев, бұл мәселе әлі заң тұрғысынан қаралып жатқанын айтып.
Мәйіт мекеменің арнайы кіреберісіне автокөлікпен жеткізіледі. Ол жерден медициналық арбамен алып шығып, мұздатқыш камераға орналастырады. Мұнда 12 мұздатқыш камера бар, оның біреуі төрт орынға есептелген. Барлығы 48 орын. Дене туыстарының қалауына қарай бір аптадан бір айға дейін сақталады. Төмен температура дененің шіруіне жол бермейді.
Кремация уақыты жақындағанда мәйіт секциялық залға жеткізіледі. Мұнда санитарлық дайындық жүргізіледі: денені жуады, киіндіреді, қажет болса макияж жасайды. Егер мәйітте металл импланттар болса, темірді алу операциясы жасалады. Әлішевтің айтуынша, пештің сипаттамасына байланысты металл түссе, жабдық жарылып кетуі мүмкін.
Дайындық жұмыстары аяқталған соң мәйіт қоштасу залына жеткізіліп, табытқа салынады. Туыстары марқұммен қоштасып, қажет болса діни рәсімдер өткізеді. Содан кейін мәйіт кремация залында жағылады. Туыстары кремация үдерісін арнайы бөлмеден бақылай алады.
Мекеменің қатаң ережесі бар: мұнда адам мәйітінен басқа жануарлардың денесі немесе қатты қалдықтар жағылмайды. Крематорий алғашқы мамыр мерекелерінен кейін дүйсенбіде жұмысын бастайды.
Еске салайық, 2020 жылы Алматы әкімдігі крематорий салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге тендер жариялаған. Құрылыс 2021 жылдың желтоқсанында аяқталғанымен, ашылуы бірнеше рет кейінге шегерілді — алдымен 2022 жылға, содан кейін 2023 жылдың бірінші, одан кейін екінші тоқсанына ауыстырылды.
Дереккөз: Inform.kz