Алматыда екі автокөліктің соқтығысуы салдарынан екі адам қаза тауып, тағы екеуі жарақат алды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы бүгін сағат 03:10-да Алатау ауданында Рысқұлов даңғылы мен Шәріпов көшесінің қиылысында болған.
Алдын ала деректер бойынша, Suzuki автокөлігінің жүргізушісі Рысқұлов даңғылымен батыс бағытта келе жатып, Шәріпов көшесінің қиылысында кері бұрылу кезінде Рысқұлов даңғылымен шығыс бағытта келе жатқан Mercedes автокөлігімен соқтығысқан.
Алған жарақаттары салдарынан Suzuki автокөлігінің жүргізушісі мен бір әйел жолаушы оқиға орнында қаза тапты. Suzuki-дің тағы бір әйел жолаушысы және Mercedes жүргізушісі әртүрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілді.
Екі адамның қазасына әкеп соққан жол-көлік оқиғасы бойынша Алматы полиция департаментінің тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Жол апатының мән-жайы анықталып жатыр.
Бұған дейін Алматыда жүк көлігі жол өткелінің астындағы бетон қоршауға соғылған еді.
Дереккөз: Inform.kz