Алматының Алмалы ауданында тәртіп сақшылары интимдік қызмет көрсету үшін пайдаланылуы мүмкін пәтерлерді аралап тексерді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Instagram желісіндегі жарнамаларға байланысты бір тәулік ішінде аудан аумағындағы үш мекенжай бірден тексерілген. Тексеру барысында пәтерлерден интимдік сипаттағы қызмет көрсетеді деп күдіктелген әйелдер табылды.
«Өз ұсыныстарын олар түрлі интернет-ресурстарда, соның ішінде «боди-массаж» деп аталатын түрде орналастырған», — деп нақтылады қалалық полиция департаментінде.
Аталған әйелдердің барлығы аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Олармен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, белгіленген тәртіппен тиісті профилактикалық есепке қою ұйымдастырылды.
«Алайда жауапкершілік тек тікелей қатысушылармен шектелмейді. Тексерілген пәтерлердің иелері де әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар материалдар Алмалы ауданының мемлекеттік кірістер басқармасына жолданды. Мамандар тұрғын үйді жалға берудің заңдылығын және салық заңнамасының сақталуын тексеруі тиіс», — деп қосты полицияда.
Алматы полиция департаменті құқыққа қайшы әрекеттер үшін пайдаланылуы мүмкін пәтерлерді анықтауды жалғастыратынын ескертті.
