Алматыда биыл көппәтерлі тұрғын үйлерде 105 лифт ауыстырылады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қалалық коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметінше, оның 47-сі 25 жылдан астам уақыт пайдаланылса, тағы 58 лифт күрделі жөндеуді қажет етеді. Жұмыстар 2023–2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында жүргізіледі.
Бүгінгі таңда қалада шамамен 14,5 мың лифт пайдаланылады. Оның 8,4 мыңнан астамы 2 671 көппәтерлі тұрғын үйде орнатылған.
Басқармада жабдықтың жыл сайынғы тозуын ескере отырып, қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету үшін жылына кемінде 150 лифт ауыстыру қажет екенін атап өтті.
Бұған дейін Алматыдағы жерүсті жаяу жүргіншілер өткелдеріндегі жұмыс істемейтін және жабық лифт мәселесі хабарланған болатын. Тұрғындар, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар адамдар, осыған байланысты өткелдерді кедергісіз пайдалана алмайтынын айтқан еді.
Дереккөз: Inform.kz