Алматыда бесінші қабаттан құлаған төрт жасар бала ауыр жарақаттармен Балалар шұғыл медициналық көмек орталығына жеткізілді. Дәрігерлер кішкентай пациенттің өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бала тұрғын үй кешенінің бесінші қабатынан құлаған. Тексеру барысында аралас жарақат анықталған, оның ішінде бірінші бел омыртқасының ығысуымен сынуы және жұлынның қысылуы бар. Жағдайының ауырлығына байланысты дәрігерлер емдеуді екі кезеңге бөлуді ұйғарды.
Алдымен нейрохирургтер омыртқа каналын декомпрессиялады, содан кейін арнайы бекіту жүйесінің көмегімен омыртқаның бел бөлігін тұрақтандырды. Операцияны нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Айдын Нүсіпқожаев нейрохирургтер Мұхтар Ибрагимов және Алтай Анарбаймен бірге жасады.
«Біз қозғалыс функцияларын қалпына келтіре алдық. Оңалтудан кейін бала өздігінен жүре алады», — деді Айдын Нүсіпқожаев.
Уақытылы медициналық көмектің арқасында баланың қозғалыс және сезімталдық функцияларын сақтап қалуға мүмкіндік туды. Стационарлық ем аяқталған соң оны үйіне шығарды, онда амбулаториялық бақылау мен оңалту курсын жалғастырады.
Дереккөз: Nur.kz