
Халықаралық балаларды қорғау күнінде Алматыда балаларға арналған мамандандырылған медициналық көмекті жетілдіруге бағытталған үш құзыреттілік орталығы жұмысын бастады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Негізгі жобалардың бірі – №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасының базасында ашылған құзыреттілік орталығы. Мұнда балалар медицинасының он бағыты бойынша мамандар біріктірілген: кардиология, пульмонология, ревматология, гастроэнтерология, аллергология, гематология, эндокринология, нефрология, неврология және орфандық аурулар.
Жаңа формат дәрігерлерге күрделі клиникалық жағдайларды бірлесіп қарауға, консилиумдар өткізуге және емдеу тактикасын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе сирек генетикалық, аутоиммунды, онкологиялық және неврологиялық аурулары бар балалар үшін маңызды.
Тағы бір маңызды жоба – Шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының базасында ашылған балалық шақ ауруларын кешенді басқару жөніндегі құзыреттілік орталығы. Оның қызметі туғаннан бес жасқа дейінгі балаларға медициналық көмекті жетілдіруге, дәрігерлер мен медбикелердің біліктілігін арттыруға, диагностика мен емдеудің заманауи стандарттарын енгізуге және аурулардың алдын алуға бағытталған.
Сондай-ақ №2 балалар қалалық клиникалық инфекциялық ауруханасының базасында балалар инфекциялық аурулары бойынша құзыреттілік орталығы ашылды. Ол инфекциялық патологиясы бар балаларға мамандандырылған көмекті жетілдіруге, телемедициналық консультацияларды дамытуға, мамандар арасында тәжірибе алмасуды кеңейтуге және медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жаңа орталықтардың ашылуы қаладағы балалар денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы маңызды қадам болып, кішкентай пациенттерге заманауи мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттырады.
Дереккөз: Almaty.tv