Оқу жылының басталуына байланысты Алматы қаласының жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасы қала тұрғындарына үндеу жасады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Басқарманың Instagram-парақшасында жазғы демалыстан кейін қала қарқынды өмірге оралып, қоғамдық көліктегі жолаушылар ағыны, әсіресе ең жүктелген сағаттарда артатыны еске салынды.
Сапарларды жылдам әрі ыңғайлы ету үшін тұрғындарды қарапайым ережелерді сақтауға шақырды:
- төлемді алдын ала дайындау;
- алдымен жолаушылардың түсуіне мүмкіндік беру;
- салонның ішіне қарай жүру;
- рюкзактарды шешу;
- өз аялдамаңызға алдын ала дайындалу.
«Бір-бірімізге аздап ілтипат пен құрмет көрсетсек, күнделікті сапарлар барлығы үшін ыңғайлы болады», — деп үндеді басқарма қала тұрғындарына.
Еске салайық, алматылықтарды 1 қыркүйекте көліктерін үйде қалдырып, қоғамдық көлікке ауысуға шақырған болатын.
Ал Білім күнінің өзінде қала тұрғындары кептелістің болмауына таң қалды. Дәстүрлі түрде бұл күні көптеген көлік пен кептеліс болатын. Алайда адамдардың көпшілігі метроға түсіп кеткені анықталды. Әлеуметтік желіде жарияланған кадрларда көптеген адамның пойызға ұмтылғаны көрінді.
