...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда автобус жолақтарының ұзындығы 140 км-ге жетеді

Алматы әкімдігі автобус және веложолдар желісін дамыту жоспарын әзірледі, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Қазіргі таңда қаладағы автобус жолақтарының жалпы ұзындығы 84 шақырымды құрайды. Билік тағы 56 шақырым бөлек жолақ ұйымдастыруды жоспарлап отыр, осылайша жалпы ұзындық 140 шақырымға жетпек. Жаңа жолақтарды Әл-Фараби және Рысқұлов даңғылдары, сондай-ақ Тілендиев, Шевченко, Құрманғазы, Сәтбаев, Өтеген батыр, Солтүстік айналма жол және Шығыс айналма автомобиль жолында (ШААЖ) орнату жоспарланған.

Қалада жол қозғалысын оңтайландыру жұмыстары жалғасуда. Пилоттық режимде Жуков, Уәлиханов және Манаев көшелерінде бір бағытты қозғалыс енгізілді. Осы жылдың маусым-шілде айларында Тимирязев, Жандосов, Манас, Мыңбаев, Береговой, Армянская, Айманов және Пушкин көшелерінде де осындай шешімдер сынақтан өткізіледі.

Әкімдіктің айтуынша, өзгерістер пилоттық жобалар арқылы кезең-кезеңімен енгізіледі. Алдымен жаңа қозғалыс схемаларын жол белгілері мен уақытша техникалық шешімдер арқылы сынайды. Оң нәтиже болса, тәжірибе қаланың басқа көшелеріне де таратылады.

Велоинфрақұрылымды дамытуға да көңіл бөлінуде. Қазір веложолдар желісінің ұзындығы 89 шақырымды құрайды. Тағы 38,5 шақырым веложол мен веложолақ салу жоспарланған.

Жол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жалғасуда. Қалада 3 842 жол белгісі қалпына келтіріліп, ауыстырылып, орнатылды, ал 1 700 шақырым жолға белгілер сызылды.

Сонымен қатар, қала билігі кикшеринг қызметтерін реттеу жұмысын жалғастыруда. Электросамокаттар үшін қалалық орта түріне байланысты жаңа жылдамдық режимдері енгізіліп, жеке ұтқырлық құралдарын пайдалану талаптары күшейтілуде.

Бұған дейін жол қозғалысын және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының басшысы Ержан Диханбаев негізгі қала магистральдарындағы жоспарланған өзгерістер туралы айтқан еді. Ол Тимирязев көшесіндегі жалғыз толыққанды BRT желісін бөлшектеу мүмкіндігін жоққа шығармады. Сонымен қатар, Райымбек даңғылындағы — Емцов көшесінен Өтеген батыр көшесіне дейінгі салынған BRT учаскесін бөлшектеу мүмкіндігі хабарланған болатын.

Дереккөз: Inform.kz