Алматыда қала күніне орай өтетін мерекелік шараларға байланысты № 17, 46, 93 және 123 автобус бағыттарының қозғалыс сызбасы уақытша өзгереді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Өзгерістер № 148 мектеп-гимназиясы маңындағы Омаров көшесінің жабылуына байланысты енгізіліп отыр. Жаңа сызба 18 қыркүйек сағат 15:00-ден 19 қыркүйек сағат 20:00-ге дейін күшінде болады.
№ 17 бағыт солтүстікке қарай Сериков көшесі — Жансүгіров көшесі — Жұмабаев көшесі бағытымен, оңтүстікке қарай Жұмабаев — Жансүгіров — Сериков көшелері арқылы жүреді, содан кейін әдеттегі сызбасына қайта оралады.
№ 46, 93 және 123 бағыттар солтүстік бағытта Сериков көшесі — Жансүгіров көшесі, ал оңтүстік бағытта Жансүгіров — Сериков көшелері арқылы өтеді, одан әрі қарай өз сызбасымен жалғастырады.
Айта кетейік, Алматыда Қала күні жыл сайын қыркүйекте атап өтіледі. Биыл 300-ден астам мерекелік шара ұйымдастырылады. Негізгі іс-шаралар 19–20 қыркүйекте өтеді.
