
Алматыда Отан қорғаушы күні қарсаңында «Бес қару» әскери-патриоттық ойыны өтті. Шара жастардың азаматтық жауапкершілігін, дене шынықтыру деңгейін және командалық рухын дамытуға бағытталған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Ойынға қала әкімдігінің, құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері, депутаттар және алматылық жастар қатысты. Құрметті қонақ ретінде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов болды.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын салтанатты түрде кіргізу және әнұранды орындаудан басталды. Құттықтау сөз сөйлеген Абзал Нүкенов мұндай бастамалардың жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңыздылығын атап өтті.
«Бұл жоба жастардың патриоттық рухын, тәртіптілігін, жауапкершілігін және командалық бірлігін қалыптастыруға бағытталған. Мұндай бастамалар Отанға деген құрметті тәрбиелеп, жастардың ел болашағына бейжай қарамауына түрткі болады», — деді Абзал Нүкенов.
Ол сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың белсенді патриотизм туралы сөздерін еске салды: «Біз нақты істермен көрінетін патриотизмді — туған жерге қамқорлық пен қоғамға қызмет етуге дайындықты қолдауымыз керек».
Құттықтау сөзбен сөйлеген Мақан Есболатов атындағы ІІМ академиясының бастығы, полиция полковнигі Қалижан Қобландин де жастарды қызметке дайындау мен көшбасшылық қасиеттерді дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Бағдарламаның негізгі бөлігі көп сатылы эстафета болды. Ол спорттық және зияткерлік тапсырмаларды қамтыды: жүгіру арақашықтықтары, күш жаттығулары, әскери дайындық элементтері, Калашников автоматын құрастыру және бөлшектеу, аналитикалық ойлау мен жедел шешім қабылдауға арналған тапсырмалар.
Қатысушылар тек физикалық төзімділік қана емес, сонымен қатар құқық саласындағы білімдерін, командада жұмыс істей білуін және стандартты емес жағдайларда жылдам әрекет ету қабілетін көрсетті.
Дереккөз: Nur.kz