Алматыда ер адам Instagram-дағы жеке парақшасында былапыт сөздер жазғаны үшін 5 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ж.-ға қатысты істі қарады. Оның Instagram парақшасында былапыт сөздер айтылған бейнежазба анықталған.
Сот деректері бойынша, ер адам осы әрекетімен өзінің жазылушы аудиториясына құрметсіздік танытқан. Оған 20 АЕК (86 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салу, не 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту, не 5-тен 15 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жаза қауіп төнген.
Сот қорытындысында ер адамды 5 тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарды.
