...
... Алматы
USD—
EUR—
RUB—
Алматы жаңалықтары

Алматы тұрғындары құрылыс кезіндегі шаңға шағымданды

Алматы тұрғындары Назарбаев пен Абай даңғылдарының қиылысында бетон жабынын кесу кезінде пайда болатын шаңға наразылық білдірді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Threads әлеуметтік желісінде presence.effect деген пайдаланушының жазбасы пайда болды. Онда тұрғын «көлікте отырып та дем алу мүмкін емес, жаяу жүргіншілер туралы айтпағанда» деп наразылық танытқан.

Пікірлерде адамдар шаңның айналадағыларға да, жұмысшылардың өзіне де зиянды екенін атап өтті.

Алматы қаласының қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы жағдайға түсініктеме берді. Ведомство суды қолданбай бетон жабынын кесу кезінде шаңды басу талаптарының бұзылғанын анықтады.

«Аталған фактілер бойынша мердігер ұйымға осындай бұзушылықтарға жол беруге болмайтыны туралы бірнеше рет ескерту жасалды. Сонымен қатар экологиялық полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп, оның нәтижесі бойынша кінәлі тұлғаларға әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылады, оның ішінде айыппұл салынады», — делінген басқарма хабарламасында.

Ведомство құрылыс процесін ұйымдастыру, өндіріс технологиясын сақтау, шаңды басу шараларын қамтамасыз ету және жұмысшылардың әрекеттерін бақылау мердігер ұйымның міндетіне кіретінін атап өтті.

Мердігер ұйымға белгіленген талаптардың сақталуын бақылауды күшейту, бетон жабынын кесу кезінде суды міндетті түрде қолдануды қамтамасыз ету және осындай жағдайлардың қайталануына жол бермеу тапсырылды.