Алматыда Достық даңғылы, 170/1 мекенжайында орналасқан заңсыз сауда нысандары бұзылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қалалық құрылыс бақылау басқармасының мәліметінше, жоспардан тыс тексеру барысында учаскеде үш бір қабатты нысанның құрылысы қажетті рұқсат құжаттарынсыз жүргізіліп жатқаны анықталған.
Тексеру қорытындысы бойынша меншік иесіне құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтатып, анықталған бұзушылықтарды жою және жер учаскесін бастапқы қалпына келтіру туралы нұсқама берілген.
Нұсқаманың орындалмауына байланысты материалдар Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа жолданған. Сот шешімімен меншік иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Бүгінгі күні өз бетінше салынған нысандарды меншік иесі бұзып тастады.
Қалада заңсыз нысандарды анықтау және бұзу жұмыстары жалғасуда. Бұған дейін сот шешімімен Достық даңғылы, 42/74 мекенжайындағы тұрғын үйге жазғы алаңы бар қосымша құрылыс, заңсыз минимаркет, Сейфуллин даңғылы, 348-үйдегі бес қабатты ғимарат, Дүйсенов көшесіндегі кафеге екі қабатты қосымша құрылыс, Розыбакиев көшесіндегі заңсыз сауда қосымшасы бұзылған.
Сондай-ақ Циолковский көшесіндегі ірі нысан, Розыбакиев көшесіндегі заңсыз жазғы терраса, Қажымұқан көшесіндегі мейрамхана террасасы, Төле би көшесі, 293/1 мекенжайындағы қоғамдық тамақтану орны, Хажы Мұқан көшесі, 34-үйдегі азық-түлік дүкеніне қосымша құрылыс сүрілген.
Еламан Тұрысбеков
Дереккөз: Inform.kz