
Алматы мектеп білімінің сапасы мен дамуы бойынша Қазақстанның басты флагманы болып қала береді. Мегаполис заманауи оқу инфрақұрылымын салуда да, білім беру процесін цифрландыруда да жоғары қарқын көрсетіп отыр, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Салалық ведомствоның мәліметінше, өткен жылы ғана қалада 24 жаңа білім нысаны ашылған. Қарқынды дамып келе жатқан шет аймақтарда оқушы орындарының тапшылығын азайтуға ерекше көңіл бөлінуде: «Келешек мектептері» ауқымды жобасы аясында 22 мың орынға арналған 12 инновациялық жаңа форматтағы оқу орны салынды.
Мектептер желісін кеңейтумен қатар, Алматыда технологиялық серпіліс жасалуда. Бүгінде AI-құралдарын (жасанды интеллект) күнделікті тәжірибеде 200 мыңнан астам алматылық оқушы мен педагог қолданады. Одан бөлек, қаладағы 48 жалпы білім беретін мектепте нейрожелілерді қолданатын озық жобалар пилоттық режимде сынақтан өтуде.
«Білім саласы жыл сайын тоқтап қалмай, дамып келеді. Бұл өте қуантады. Жаңа технологиялар, пәндер енгізіліп, мектептер салынуда. Балалар сабақта нейрожеліні пайдалануды үйренуде. Бұл дұрыс, біз уақытпен бірге ілгерілеуіміз керек. «Келешек мектептері» заманауи стандарттар бойынша салынған. Біздің балалар жайлы жағдайда білім алуы тиіс. Мені бүгін осындай тамаша күні Алматыда 21 мыңға жуық мектеп түлегінің шығарылуы да қуантады. Олар жаңа өмірге қадам басып жатыр», — деп атап өтті Абай атындағы ҚазҰПУ Директорлар кеңесінің төрайымы Рахат Шимашева.
Кешенді тәсілдің — жоғары технологиялық ғимараттар салу мен цифрлық инновацияларды кеңінен енгізудің арқасында оңтүстік астана бүкіл елдің білім беру жүйесіне жаңа стандарттар белгілеп, бәсекеге қабілетті цифрлық ұрпақты дайындауда.
Дереккөз: Almaty.tv