...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жылу маусымына дайындықты жеделдетуді тапсырды

Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен қала инфрақұрылымын алдағы жылу маусымына дайындау мәселелері бойынша кеңес өтті. Жиында жылумен жабдықтау, электр, газ және сумен жабдықтау нысандарын дайындау қарқыны, сондай-ақ қаланың тұрғын үй қоры мен әлеуметтік нысандарының әзірлігі қаралды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының мәліметінше, қала шаруашылығының жылу маусымына жалпы дайындығы 50,5% құрайды. Барлық жұмыс бекітілген кестелерге сәйкес жүргізілуде. Бүгінгі таңда «АлЭС» АҚ нысандарының дайындығы 52%, «АЖК» АҚ — 46%, «Алматы Су» МКК — 71%, «Алматытеплокоммунэнерго» ЖШС — 39%, «Алматы жылу желілері» ЖШС — 38%, газ желілері — 57%.

Тұрғын үй қорын дайындауға ерекше назар аударылды. Алматыда 9861 көппәтерлі тұрғын үй бар, оның 9283-і орталықтандырылған жылумен жабдықтауға қосылған. 22 маусымдағы жағдай бойынша 984 үй дайындық актілерін алды. Жылу жүйелерін жуу және опрессовкалау, сондай-ақ үй ішіндегі инженерлік желілерді жөндеу жұмыстары жалғасуда және ағымдағы жылдың 10 қыркүйегіне дейін аяқталуы тиіс.

Басқару органдары жоқ 230 көппәтерлі тұрғын үйдің жағдайы бөлек қаралды. Олардың қысқа дайындығын қамтамасыз ету үшін аудан әкімдіктерімен бірлесіп жылу жүйелерін жуу және опрессовкалау, сондай-ақ қажетті энергия үнемдеу шаралары жүргізіледі. Бұл жұмыстарды тамыз айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Кеңес барысында коммуналдық кәсіпорындардың жөндеу және инвестициялық бағдарламаларды іске асыру туралы баяндамалары тыңдалды. Атап айтқанда, биылғы жылы 20 км жылу желілерін реконструкциялау, 379 км электр желілерін жаңғырту, сондай-ақ жалпы ұзындығы 60 км-ден асатын су құбыры және кәріз желілерін реконструкциялау жоспарланған.

Дархан Сатыбалды тұрғын үйлерді күз-қыс кезеңіне дайындау мәселесіне ерекше назар аударып, басқармалар мен аудан әкімдеріне осы жұмысты бақылау бойынша нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ ол қаланың қысқа дайындығы мәселесін, оның ішінде барлық әлеуметтік нысандар бойынша бақылауда ұстайтынын атап өтті.

Дереккөз: Almaty.tv