Алматы әкімдігі «Халық қатысуымен бюджет» бағдарламасы аясында Панфилов көшесінің учаскесін абаттандыру барысы туралы айтып берді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Әкімдікте тұрғындардың бастамасымен Жібек жолы даңғылынан Райымбек даңғылына дейінгі Панфилов көшесінің учаскесі жаңартылып жатқанын атап өтті. Жоба осы жылдың мамыр айынан бастап «Халық қатысуымен бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
Аумағы 1,7 гектар болатын бұл аумақ қаланың тарихи орталығындағы жаяу жүргіншілер маршрутының жалғасы болады және Алматы-2 теміржол вокзалына ыңғайлы жолды қамтамасыз етеді.
Негізгі назар көгалдандыруға аударылған. 1 гектар аумақта қолданыстағы ағаштар сақталады, 10 мың шаршы метр газон себіледі және жол бойына 18 мың көпжылдық бұталар отырғызылады. Жасыл желектерге күтім жасау үшін автоматты және тамшылатып суару жүйелері қарастырылған.
Жаяу жүргіншілер инфрақұрылымы 0,7 гектар аумақта жаңартылады. Учаскеде 6 325 шаршы метр брусчатка және 750 шаршы метр асфальт төселеді, 20 қоқыс жәшігі мен 106 жаңа жарықтандыру тірегі орнатылады. Оларды қосу үшін 2,1 шақырым кабель желілері тартылады.
Аудандық әкімдікте атап өткендей, абаттандыру Панфилов көшесінің төменгі бөлігін жаяу жүргіншілер үшін жарқынырақ, қауіпсіз және ыңғайлы етуге мүмкіндік береді.
Дереккөз: Nur.kz
