
Алматыда үшінші теміржол вокзалы – Алматы-3 құрылысына дайындық жалғасуда, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы жобаның қай сатыда екенін айтты. Басқарма басшысы Олжас Шабдановтың ақпаратынша, Алматы-3 вокзалының құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі (ТЭН) қазір мемлекеттік сараптамада қаралуда.
– Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы «Алматы-3 вокзалын жолаушылар және жүк қозғалысына арналған станцияны дамыта отырып салу» объектісі бойынша техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуді аяқтады, ол тиісті қорытынды алу үшін мемлекеттік сараптамаға жіберілді, – делінген жауапта.
Құрылыстың нақты құны әлі анықталмаған. Олжас Шабдановтың айтуынша, объектінің түпкілікті құны ТЭН бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін белгілі болады.
Жақында жобаны іске асыру үшін 52 жер телімі алынатыны белгілі болды. Мемлекеттік қажеттіліктер үшін Бұрундай – Ақсеңгір бөлігінде жерлерді сатып алу жоспарлануда. Мәжбүрлеп алу рәсімін 2028 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
– Алматы қаласының жер қатынастары басқармасы аталған ТЭН шеңберінде мемлекеттік қажеттіліктер үшін жер телімдерін алу (сатып алу) рәсімдерін бастады, – деп атап өтті Олжас Шабданов.
Бұған дейін әкімдікте «Алматы-3» құрылысы мегаполистің көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам болатынын атап өткен. Болжам бойынша, 2027 жылы жаңа вокзал жылына шамамен 1,12 млн жолаушыға қызмет көрсете алады, ал 2040 жылға қарай жолаушылар ағыны 1,97 млн адамға дейін өседі. Станцияның жүк айналымы 2030 жылға қарай жылына 620 мың тоннаға жетеді деп күтілуде.
Алматыда үшінші теміржол вокзалын салу жоспарлары 2021 жылы айтылған болатын. 2024 жылдың басында әкімдік жаңа платформаның құрылысына арналған учаске «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ға тиесілі магистральдық желіде орналасқанын нақтылады. Жоба Мәдениет шағын ауданының маңында іске асырылады. Құрылыс шамамен үш жылға созылады, ал вокзалды пайдалануға беру 2026–2027 жылдары болуы мүмкін.
Дереккөз: Inform.kz