...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Саясат

Аида Балаева Джеки Чанды Қазақстандағы түсірілімнің басталуымен құттықтады

Бүгін Алматыда әлемге әйгілі актер Джеки Чанның қатысуымен «Armour of God: Ultimatum» («Доспехи бога: Ультиматум») халықаралық көркем фильмінің ресми түсірілім басталу салтанаты өтті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, сондай-ақ қазақстандық және халықаралық киноиндустрия өкілдері қатысты.

Қонақты қарсы ала отырып, Вице-премьер оның қазақстан-қытай қарым-қатынастарын дамытуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.

«Сізге Қазақстан мәдениетін әлемдік аренада танымал етуге және еліміздің мәдени-гуманитарлық байланыстарын нығайтуға қосқан үлесіңіз үшін алғыс білдіремін. Алдағы түсірілімдерде жаңа шығармашылық жетістіктер мен табыстар тілеймін», — деп атап өтті Аида Балаева.

Кездесу барысында Джеки Чан Алматының дарынды жас суретшілерімен және Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері – жас кинематографистермен сөйлесті. Ол шығармашылық жолда табыс тілеп, үнемі даму мен өз ісіне деген сүйіспеншіліктің маңыздылығын атап өтті. Кездесу естелігі ретінде балалар атақты актерге оның портреттерін сыйға тартты.

Іс-шараның шарықтау шегі түсірілім процесінің басталуының жалпы қабылданған әлемдік символы – дәстүрлі кинотарелкамен естелік фотосуретке түсу болды, бұл фильмнің ресми өндірісінің басталғанын білдірді.

Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен қытай мемлекеттік кинокомпаниясы China Film Group Corporation қолдауымен жүзеге асырылуда. Фильмнің өндірісін қазақстандық Sәlem Entertainment компаниясы мен гонконгтық Billion Target компаниясы жүзеге асырады.

Фильмнің түсірілімі Қазақстан Республикасының аумағында 2026 жылдың шілдесінен қазанына дейін қазақстандық режиссер-қоюшы Роберт Кунның жетекшілігімен өтеді. Картина кең халықаралық прокатқа бағытталған. Негізгі түсірілім алаңдары Алматы, Алматы және Маңғыстау облыстары болады.

Жоба Қазақстан үшін стратегиялық және имидждік сипатқа ие. Оны іске асыру елдің мәдени, туристік және инвестициялық әлеуетін ілгерілетуге, кинотуризмді дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстанның ірі әлемдік киножобаларды түсіруге арналған заманауи алаң ретінде танымалдылығын арттыруға ықпал етеді.

Дереккөз: Almaty.tv