Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов «Талдау мектебі. Алматы» білім беру жобасының қатысушыларымен кездесті. Жиын Narxoz Business School алаңында өтіп, қазіргі қоғамдық құндылықтар, шешім қабылдаудағы аналитиканың рөлі және жастардың қаланы дамытуға қатысуы талқыланды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Іс-шараға аналитика мектебінің түлектері, ғылыми қоғамдастық өкілдері, жоғары оқу орындары, бизнес және қоғамдық ұйымдар қатысты. Қатысушылар жаңа буын жас көшбасшы қандай болуы керек, ресурстарға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру және мемлекеттік басқарудағы аналитиканың рөлі туралы пікір алмасты.
Кездесуді ашқан Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов бүгінде мемлекеттің табысы тек экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, адам капиталының сапасымен, білім деңгейімен және азаматтардың жауапкершілігімен айқындалатынын атап өтті.
«Талдау мектебі. Алматы» — бұл жай білім беру бағдарламасы емес. Бұл деректерге негізделген шешім қабылдау мәдениетін қалыптастыратын, кәсіби аналитикалық қоғамдастықты дамытатын және Алматыны дамытудың өзекті мәселелері бойынша практикалық ұсыныстар әзірлейтін бірегей алаң, — деп атап өтті Абзал Нүкенов.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы белгілеген құндылықтар бүгінде қаланың жастар саясатының негізіне айналуда. «Адал азамат», «Таза Қазақстан» және «Закон и порядок» қағидаттары «Жасыл ел», «Экорейнджеры», Azamat, «НаркоСТОП», өңірлік ғылыми гранттар және «Жастардың қатысу бюджеті» жобаларында көрініс табуда. Бұл бастамалар жастарға қоғамдық маңызы бар міндеттерді шешуге және өз жобаларын ұсынуға мүмкіндік береді.
Қатысушылар жауапкершілік, әділдік және ресурстарға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға ерекше назар аударды.
Science Hub эдьюкейторы Гүлдана Мамбетова «Адал азамат» тұжырымдамасы волонтерлік, білім, зерттеу қызметі және жеке жауапкершілік арқылы жастардың күнделікті мәдениетінің бөлігіне айнала алатынын айтты.
«Әділ Қазақстан, ең алдымен, мәдениетті, білімді, жауапкершілікті және адал азаматтардан басталады», — деп атап өтті ол.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Құқық үстемдігі және жасанды интеллект орталығының директоры Дана Байтукаева «Закон и порядок» қағидаты деректерге негізделген шешімдер қабылдауды талап ететінін, ал заманауи технологиялар тек туындаған мәселелерді шешу үшін ғана емес, олардың алдын алу үшін де қолданылуы керектігін атап өтті.
IT-кәсіпкер Айболат Құлатай да қазіргі жастардың құндылық бағдарлары туралы айтты. Оның пікірінше, цифрлық дәуірде университеттер тек білікті мамандарды ғана емес, сонымен қатар жоғары әлеуметтік жауапкершілігі бар азаматтарды да дайындауы маңызды.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар «Талдау мектебі. Алматы» жобасы қалалық міндеттерді шешу және қоғамдық маңызы бар бастамаларды дайындау үшін кәсіби білімді қолдана алатын жас аналитиктер қауымдастығын қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
Дереккөз: Almaty.tv