
2026 жылдың басынан бері Алматыда 4600-ге жуық неке тіркелген. Ең жасы үлкен құжат тапсырушы 92 жастағы ер адам болса, ең жас жұбайлар 16 жаста отбасын құрған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәліметінше, мегаполисте күн сайын орта есеппен 70 неке қию рәсімі өтеді. Үйленетіндердің орташа жасы – қалыңдықтар 29 жаста, күйеу жігіттер 32 жаста.
Ең жасы үлкен үйленуші – 92 жастағы ер адам. Ал ең жас жұп заң талаптарына сәйкес рұқсат алып, 16 жасында отбасын құрды, – деді корпорация өкілдері.
Сонымен қатар, осы кезеңде 409 жұп шетелдіктермен некеге тұрған. Ал ажырасуға өтініш бергендер саны 934 жұпқа жеткен. Ажырасушы ерлердің орташа жасы – 39, әйелдердің – 37.
Некені тіркеу үшін өтінішті кемінде 15 күнтізбелік күн бұрын тапсыру қажет. Құжаттарды «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының АХАЖ бөлімдері, eGov.kz электронды үкімет порталы немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы беруге болады. Қалаған жұптар салтанатты неке қию рәсімін де өткізе алады.
Дереккөз: Almaty.tv