
Алматыдағы қысқа мерзімді жаңбырдан кейін көптеген ағаштар мен бұталар қатты иіліп, жапырақтардың салмағынан бұтақтары сынып, құлап қалды. Мамандар бұл құбылыстың себебін түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бас ботаникалық бақтың дендрология зертханасының аға ғылыми қызметкері Светлана Набиева Алматы РСК-дағы брифингте дені сау ағаштардың бұтақтары төмен иілгенін, бұған ауа райы себеп болғанын айтты.
— Біздің көктем өте жылдам, жылы, қазір жылыжай эффектісі пайда болды: бір уақытта жылы, ылғалды және дымқыл. Осыған байланысты ағаштар тез өседі. Өсімдіктер өсу қарқыны бойынша бөлінеді. Иілген бұтақтарды көбінесе қарағаштардан байқаймыз. Яғни, биыл олар үшін жағдай қолайлы, олар өсіп, иіледі, бірақ уақыт өте қалпына келеді. Олар тез өскендіктен икемді болып қалды, әлі сүректеніп үлгермеді, — деді Светлана Набиева.
Егер ағаштардың басқа түрлері иілетін болса, себебі жоғарыда айтылғандай тез өсу немесе ағаштарға дұрыс күтім жасамау болуы мүмкін.
Бас ботаникалық бақтың дендрология зертханасының аға ғылыми қызметкері Инга Бабай ағаштарға күтім жасаудағы негізгі қателіктердің бірі — сауатсыз кесу екенін айтты.
— Бұтақты «сақина» принципі бойынша, діңге жақын жерден кесу керек. Егер бұтақ түбір түрінде қалдырылса, ол шіріп, бүкіл діңнің ағашы шіріп, ағаш өледі. Сондай-ақ, тәжін кесуде қателік болуы мүмкін. Тәжді қатты кесуді тек тез өркен түзетін ағаштарға, яғни қарағаш пен талға ғана жасауға болады. Қалған ағаштарға мұндай қатты кесу жүргізуге болмайды, — деді Инга Бабай.
Маман жөке ағашында тәжін кесу олардың тез өліп, мәжбүрлі түрде ауыстырылуына әкелетінін мысалға келтірді.
Тағы бір қателік — дұрыс суармау.
— Арық суару жүйесінің бұзылуы, жаңа арықтарда тамшылатып суаруға ұқсас топырақ пен тамырды ылғалдандыруға арналған тесіктердің болмауы ағаштардың қажетті ылғал алмауына әкеледі, — деп түсіндірді Инга Бабай.
Аурулар мен зиянкестерге келетін болсақ, олар да ағаштардың жағдайына әсер етуі мүмкін.
— Еменнің негізгі ауруы — емен миналы арасы. Ол Еуропадан алдымен Қырғызстанға, содан кейін бізге әкелінді. Бірақ әкімдік қалада зиянкестермен және аурулармен күресуге көп күш салып, маусымда бірнеше рет өңдеу жүргізеді, жағдай қалыпқа келеді, — деп санайды Инга Бабай.
Дереккөз: Inform.kz