...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда көлік жүйесін жаңғырту: ЛРТ, жаңа автобус жолақтары және ақылды бағдаршамдар

Алматыда қалалық көлік жүйесін түбегейлі өзгертуге бағытталған ірі реформа жүріп жатыр. Мегаполисте ЛРТ желісін іске қосу, жаңа автобус жолақтарын салу және ақылды бағдаршамдарды енгізу жоспарлануда, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Қала күн сайын 3 000-нан астам автобусты, сондай-ақ электробустар, троллейбустар және газбен жүретін көліктерді пайдаланады. Жыл басынан бері 8 жаңа бағыт ашылып, ондаған қолданыстағы маршрут күшейтілді. Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, қоғамдық көлік 206 маршрутқа қызмет көрсетеді, ал қозғалыс тұрақтылығы 99%-ды құрайды. Басты бағыттардың бірі – Bus Lane желісін кеңейту.

«Әл-Фараби даңғылында, Тілендиев, Шевченко, Құрманғазы, Сәтпаев, Өтеген батыр, Рысқұлов, ВОАД және Солтүстік айналма жолдарында жаңа бөлінген автобус жолақтарын жабдықтау қарастырылуда», – деді Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Диханбаев.

Реформа тек автобустар мен жолдарды ғана қамтымайды. Алматы рельстік көлікті дамытуды жалғастыруда. ЛРТ-ның бірінші желісінің құрылысына дайындық белсенді жүргізілуде. Ол 18 шақырымға созылып, Төле би, Абылай хан, Алматы-2 вокзалы мен Алатау ауданын байланыстырады.

Әкімдік қоғамдық көлікті дамыту жолдардағы жүктемені азайтуға көмектеседі деп сенеді. Сонымен қатар метроны кеңейту жалғасуда. «Қалқаман» станциясының құрылысы 95%-ға аяқталды, қазір іргелес аумақты абаттандыру жүргізілуде. Құрылыс-монтаж жұмыстарын маусым айының соңында толық аяқтау жоспарланған, одан кейін іске қосу және пойыздарды сынақтан өткізу басталады. Әкімнің тапсырмасы бойынша станция жоспарланған екі жылдың орнына 11 айда салынды.

Жол тығынын азайту үшін Саина көшесін Рысқұлов даңғылынан Мөңке би көшесіне дейін ұзарту жобасы іске асырылуда. Жұмыстар аяқталу сатысында. Бұл жоба қаланың негізгі магистральдары арасындағы көлік байланысын жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қалада «ақылды» бағдаршамдар енгізілуде. Қозғалыс жүйесі камералар мен дрондар арқылы талданып, нақты уақыт режимінде көлік ағындарын реттеуге және ең жүктелген учаскелерде кептелістерді азайтуға мүмкіндік береді.

Дереккөз: Almaty.tv