
Алматы полициясы Қаңтар оқиғалары кезінде ұрланған екі ұңғылы мылтықты жасырын қоймадан тапты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, қойма «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында анықталған. Криминалдық полиция қызметкерлері Алатау ауданындағы жеке үйлердің бірінің маңынан қару жасырылған жерді тапты.
Қоймадан Қаңтар оқиғалары кезінде қару дүкенінен ұрланған екі ұңғылы мылтық алынды. Олар сот-баллистикалық сараптамаға жіберілді. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полиция департаменті заңсыз сақталатын қаруды анықтау және алып қою жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.
Дереккөз: Inalmaty.kz