
Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Мақсат Қиқымов Almaty Super Ski жобасына арналған қоғамдық тыңдауда бизнес-қоғамдастықтың Алматы тау кластерін жүйелі дамыту бастамасын толық қолдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жоба тек туристік инфрақұрылым құрылысымен шектелмей, заманауи сервистік экономиканы қалыптастыруға бағытталған. Мақсат Қиқымовтың айтуынша, жоба экономикаға мультипликативті әсер етіп, бірнеше саланың дамуына серпін береді. Атап айтқанда, қонақ үй, мейрамхана, сауда және сервистік бизнес қазақстандық өнімге тұрақты сұраныс тудырады. Бұл фермерлік өнімдер, жиһаз, тоқыма, құрылыс материалдары және жергілікті өндіріс тауарларын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Жоба аясында салынатын нысандар отандық тауарларға тұрақты сұраныс қалыптастырады. Әлеуметтік-экономикалық әсер де айтарлықтай: мыңдаған жұмыс орны ашылады, сабақтас салаларда жұмыспен қамту артады, салық түсімдері өседі, қала инфрақұрылымы дамып, Алматының инвестициялық тартымдылығы артады.
Қазіргі уақытта Алматыда 70-тен астам инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл қонақ үйлер, мейрамханалар және сервистік нысандар тұрақты туристік ағынды қажет етеді. Сондықтан Almaty Super Ski сияқты ірі жобалар кәсіпкерлерге табыс табуға, салық төлеуге және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
«Бұл жоба – тек бүгінгі күн үшін емес, болашақ ұрпақ үшін де маңызды бастама. Қоғаммен және кәсіпкерлермен ашық диалог жүргізу, олардың ұсыныстары мен пікірлерін ескеру – жобаны сәтті жүзеге асырудың кілті», – деді Мақсат Қиқымов.
Тыңдау барысында жоба жетекшілерінің тәжірибесі ерекше атап өтілді. Шаңғы инфрақұрылымы мен туризм саласындағы тәжірибе осындай күрделі бастамаларды іске асыруда маңызды рөл атқарады. Заманауи технологиялар мен инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді дамыту жобаны жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.
Қоғамдық тыңдауда 2023 жылы Ақтау мен Атырауда мұнай-сервистік сектордың ірі компанияларымен кездесулерде кәсіпкерлер Қазақстан экономикасының негізгі драйвері мұнай болып қала беретінін, бірақ өндірудің күрделенуі мен шығындардың өсуі экономиканы әртараптандыру қажеттігін көрсететінін атап өткен. Осыған байланысты қазір креативті индустриялар мен туризмді дамытуға басымдық беру маңызды екені айтылды.
Фото: Алматы қаласы әкімдігі
Дереккөз: Zakon.kz