
Алматыда ұлттық «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жобасы аясында жылумен жабдықтау сапасын арттыруға бағытталған ірі жоба іске асырылуда, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
ТЭЦ-2 батыс жылу кешеніне дейінгі тозған құбыр толығымен ауыстырылып, қайта жаңартылады. 40 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келген магистральда соңғы жылдары маусымда 45-ке дейін апат тіркелген.
Жобаның жалпы құны шамамен 54 млрд теңгені құрайды. Нысанды «Алматы электр станциялары» АҚ пайдаланады.
ТЭЦ-2 — ЗТК жылу магистралі ТЭЦ-2-ден ЗТК-ға қосымша су жеткізіп, Алматының орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағына жылу жүктемесін береді.
ДУ-800 құбыры 1980 жылы, ал ДУ-1000 1984 жылы іске қосылған. Жылу магистралі 2013 жылы «Алматы жылу желілері» ЖШС балансынан «АлЭС» АҚ балансына берілген. Нормативтік қызмет мерзімі 25 жыл болғанымен, жылу артериясы 40 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді.
Нысанға техникалық қызмет көрсету тұрақты негізде жүргізіледі. Жыл сайын жылу магистралінде ағымдағы жөндеу және профилактикалық жұмыстар орындалады.
2022-2025 жылдар аралығында жылыту маусымында магистральда орта есеппен 45-тен астам зақым тіркелген. Бүгінгі таңда құбырдың тозу деңгейі 85% құрайды.
Құрылыс-монтаж жұмыстарын, сондай-ақ техникалық және авторлық қадағалауды жүргізуге келісімшарттар жасалған. Рұқсат құжаттары, оның ішінде жұмыстардың басталғаны туралы талон-хабарлама алынған.
Қайта жаңғырту бекітілген кестеге сәйкес 2026 жылдың сәуір айының соңында басталды. Қазіргі уақытта қажетті құрылыс материалдары жеткізілуде. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін құбырдың учаскелері кезең-кезеңімен пайдаланудан шығарылуда.
Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Жобаның бірінші кезеңін аяқтау 2026 жылдың қазанына жоспарланған.
Жұмыс барысында құбыр өнімдері, металл прокаты және электр жабдықтары қолданылады. Бұл ретте МЭКС жобасындағы қазақстандық өндіріс материалдарының үлесі 99% құрайды.
Дереккөз: Inform.kz