
Алматыдағы «Аналитика мектебі. Алматы» білім беру жобасының екінші аптасы зерттеу әдістемесі, үлкен деректермен жұмыс және көпшілік алдында сөйлеу өнеріне арналды. Бағдарлама мемлекеттік сектор сарапшыларын, статистикалық органдар өкілдерін, социологтар мен халықаралық бизнес көшбасшыларын біріктірді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Күннің басты тақырыбы – стратегиялық шешімдер қабылдаудағы аналитикалық ойлаудың рөлі болды. «Үлкен деректер және әдістеме» блогында негізгі спикерлер қалалық ортаны дамыту үшін деректерді пайдалану туралы терең көзқарас ұсынды:
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Төлеуов зерттеу әдістері мен аналитикалық ойлауды қалыптастыру бойынша сараптамалық көзқарасын білдірді. Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев «Деректер – қаланы түсіну негізі» атты дәріс өткізіп, Алматының демографиялық және экономикалық өсу драйверлерін жан-жақты талдады. ҚР СЖРА жанындағы Демографиялық процестерді талдау және болжау орталығының басшысы Аяулым Сағынбаева демографиялық трендтерді талдаумен пікірталасты толықтырды.
Бағдарламада нәтижелерді интерпретациялау және оларды аудиторияға жеткізу дағдыларына ерекше көңіл бөлінді. Қазақстандық қоғамдық даму институтының өкілі Азамат Байғалиев сараптамалық мәтіндер жазу бойынша практикум өткізіп, қатысушыларға сапалы аналитикалық жазбалар, баяндамалар мен шолулар жасауды үйретті. Мегаполистің социологиялық аспектісін «Стратегия» қоғамдық қорының президенті Гүлмира Илеуова ашып, «Алматы социологтар көзімен» баяндамасын ұсынды.
Бағдарламаның қорытынды бөлігі коммуникациялық дағдылар мен көпшілік алдында сөйлеу шеберлігіне арналды. PR және GR сарапшысы, TEDxAstana конференциясының кураторы Әлия Сандыбай TED Talks феномені мен есте қалатын ғылыми-көпшілік сөздер құруға арналған тренинг өткізді.
Бағдарлама халықаралық inDrive сервисінің негізін қалаушы және кәсіпкер Арсен Томскийдің қатысуымен өткен пікірталаспен аяқталды, бұл қатысушыларға аналитикалық тәсілдің жаһандық бизнестегі практикалық қолданылуын көруге мүмкіндік берді.
Дереккөз: Almaty.tv